«Äiel Tizginde 2026»

БАЙҚАУ ЕРЕЖЕСІ

1.     Жалпы ережелер

1.1. Бұл Ережелер «Äiel Tizginde 2026» байқауын (әрі қарай - Байқау) өткізу мақсаттарын, міндеттерін, шарттары мен тәртібін айқындайды.
1.2. Байқаудың ұйымдастырушысы - Allur компаниялар тобы.
1.3. Байқау өнер құралдары арқылы заманауи қоғамдағы әйел рөлін пайымдауға бағытталған мәдени-көркем жоба аясында өткізіледі.
1.4. Байқауға қатысу осы Ереженің барлық шарттарымен қатысушының толық әрі сөзсіз келісетінін білдіреді.

2. Байқаудың мақсаттары мен міндеттері

2.1. Заманауи суретшілер мен шығармашылық ұжымдарды қолдау.
2.2. Өнерді және қоғамдағы визуалды диалогты дамыту.
2.3. Дарынды авторларды және түпнұсқадағы көркемдік ой-тұжырымдарды анықтау.
2.4. Мәдени бастамалар мен өнердегі заманауи формаларды кеңінен насихаттау.

3. Байқаудың өтетін мерзімі мен орны

3.1. Өтінімдерді қабылдау: 2026 жылғы 22 қаңтар сағат 00:00-ден 22 ақпан сағат 23:59-ға дейін.
3.2. Қазылар алқасының жұмысы және көрмеге іріктеу: 2026 жылғы 23–26 ақпан.
3.3. Жеңімпаздарды жариялау: 2026 жылғы 6 наурыз.
3.4. Көрме: 2026 жылғы 6–25 наурыз.
Өтетін орны: Астана қаласы, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы немесе ұйымдастырушының шешімі бойынша, соның ішінде форс-мажорлық жағдайлар немесе ұйымдастырушылық қажеттілік туындаған жағдайда, өзге көрме алаңы.

4. Байқауға қатысушылар

4.1. Байқауға төмендегі тұлғалар қатыса алады:
— жеке тұлғалар;
— шығармашылық ұжымдар;
— Қазақстан Республикасының азаматтары;
— 16 жасқа толған тұлғалар.
4.2. Байқауға жеке де, ұжым ретінде де қатысуға рұқсат етіледі (оның ішінде театрлық қойылымдар мен ұжымдық көркем жобалар).

5. Қатысу шарттары және өтінім беру тәртібі

5.1. Бір қатысушы (немесе ұжым) байқауға 1-ден 5-ке дейін жұмыс ұсына алады.
5.2. Өтінім электронды түрде жіберіледі және келесі материалдарды қамтуы тиіс:
— байқау жұмыстары жинақталған архив;
— архивтің ішінде жұмыстардың сипаттамасы, мәтінмен берілген жеке файл.
5.3. Файлда міндетті түрде мына ақпарат жазылуы қажет:
— әр жұмыстың атауы;
— орындалу техникасы мен форматы;
— орындалған жылы;
— автордың аты-жөні немесе ұжымның атауы;
— байланыс деректері.
5.4. Архивсіз және/немесе мәтінмен жазылған сипаттамасыз жолданған жұмыстар байқауға қабылданбайды.
5.4.1. Байқау жұмыстары қатысушы толтырған сауалнамамен бірге жіберіледі және жұмыс түріне сәйкес келесі форматтарда тіркелуі тиіс:
— кескіндеме; графика және иллюстрация; digital art; фотография - JPG / JPEG / PNG форматындағы файлдар түрінде;
— мүсін, объект, инсталляция - JPG / PNG форматындағы фотосуреттер және қажет болған жағдайда қосымша MP4 бейнефайлы;
— видео-арт, перформанс - MP4 форматындағы бейнефайл түрінде.
5.5. Авторын, атауын немесе сипаттамасын анықтау мүмкін болмайтын жұмыстар (деректердің болмауына байланысты) қарастырылмайды.

6. Жұмыстарға қойылатын талаптар

6.1. Байқауға мына форматтағы жұмыстар қабылданады:
  • кескіндеме;
  • графика және иллюстрация;
  • фотография (5 жұмысқа дейінгі серия);
  • мүсін, объект, инсталляция;
  • digital art;
  • видео-арт;
  • перформанс.
6.2. Жасанды интеллект (AI) технологияларын толық немесе ішінара қолдану арқылы жасалған жұмыстар байқауға қабылданбайды.
6.3. Мынадай мазмұндағы жұмыстар байқауға қабылданбайды:
— зорлық-зомбылыққа, экстремизмге, кемсітушілікке баулу;
— порнографиялық материалдар;
— діни, ұлттық, гендерлік немесе өзге де сезімдерді қорлау;
— байқау ұйымдастырушысының және оның серіктестерінің беделіне зиян келтіруі мүмкін материалдар.
           Жұмыстың осы талаптарға сәйкестігі туралы Ұйымдастырушы өз қалауынша шешім қабылдайды.
6.4. Қатысушы ұсынылған жұмыстардың мазмұны үшін, соның ішінде үшінші тараптардың авторлық, сабақтас және жеке мүліктік емес құқықтарын, бейнені пайдалану құқықтарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері үшін толық жауапкершілік алады.
Үшінші тұлғалар тарапынан ұсынылған жұмыстарға байланысты талаптар, шағымдар немесе талап-арыздар қойылған жағдайда, Қатысушы мұндай талаптарды өз бетінше реттеуге және Ұйымдастырушының барлық шығындарын, соның ішінде сот шығындарын өтеуге міндеттеледі.

7. Бағалау критерийлері

Байқау жұмыстары төмендегі критерийлер бойынша бағаланады:
1. Байқау тақырыбына сәйкестігі
Жұмыстың әйел күші, әйел рөлі, оның ішкі әлемі мен трансформациясы идеясын ашуы.
2. Образды ашуы
Мағынасы, идеясы, ішкі көркем ойының болуы.
3. Идеяның түпнұсқалығы
Тақырыпқа жаңаша, қалыптан, стандарттан тыс көзқарас.
4. Көркемдік деңгейі
Форма, түс, композиция, материалдар мен техниканы қолдану сапасы.
5. Көркемдік тұтастық
Идея, форма және мазмұнның өзара үйлесімді байланысы.
6. Эмоциялық әсері
Жұмыстың көрерменнің әсерін, эмоциясын, жанашырлығын оятуы, ой салуы.
7. Заманауилық және өзектілік
Жұмыстың бүгінгі контекстпен, мәселелермен және визуалды тілмен қаншалықты үйлесетіні.
8. Автордың ерекшелігі
Автор стилінің танылуы, жеке интонация, ой айтудағы батылдығы.
9. Жұмысты ұсыну сапасы
Визуалды түрде таныстыру, фото/видео материалдар, материалдың анықтығы мен ұқыптылығы.
10. Жалпы көркемдік әсер
Жұмыстың арт-объект ретіндегі тұтастығы мен көркемдік қуатына берілетін қорытынды баға.

8. Қазылар алқасы

8.1. Жұмыстарды Ұйымдастырушы шақырған кәсіби қазылар алқасы бағалайды.
8.2. Қазылар алқасының құрамын Ұйымдастырушы бекітеді және көпшілік талқысына салынбайды.
8.3. Қазылар алқасының шешімі қайта қарастырылмайды.
8.4. Ұсынылған жұмыстар байқау талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, қазылар алқасы жүлделі орындарды тағайындамауға құқылы.
8.5. Жұмыстар субъективті түрде бағаланады және қазылар алқасы мүшелерінің кәсіби пікіріне негізделеді. Қатысушылар көркемдік бағалау тексерілмейтінін және сот тәртібімен қайта қаралмайтынын түсінеді және қабылдайды.

9. Жүлде қоры

9.1. Байқаудың жүлде қоры:
1-орын - 1 000 000 теңге;
2-орын - 700 000 теңге;
3-орын - 500 000 теңге.
9.2. Көрермендер көзайымы жүлдесі - 200 000 теңге.
9.3. Жүлделер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді.

10. Көрме және жұмыстардың логистикасы

10.1. Іріктелген жұмыстар байқау көрмесі аясында экспозицияланады.
10.2. Қазақстан Республикасының аумағында тұратын авторлардың жұмыстарын Ұйымдастырушы жеткізеді.
10.3. Көрме аяқталғаннан кейін Ұйымдастырушы жұмыстарды келісілген мерзімдерде авторларға бүтін әрі сақталған күйінде қайтаруға міндеттеледі.
10.4. Жұмыстарды тапсыру және қайтару тәртібі авторлармен қосымша келісіліп анықталады.
10.5. Форс-мажорлық жағдайлар, мемлекеттік органдардың шешімдері немесе Ұйымдастырушының еркінен тыс өзге де мән-жайлар туындаған жағдайда, Ұйымдастырушы байқауды, көрмені және марапаттау рәсімін өткізбеуге немесе өзгертуге құқылы және бұл ретте Қатысушылардың қандай да бір шығындарын өтемейді.
10.6. Ұйымдастырушы байқау жұмыстарын орындау және/немесе көрмеге қатысу үшін Қатысушылардың Астана қаласына жетуге кеткен шығындарын өтемейді.

11. Жұмыстарды пайдалану құқықтары

11.1. Жұмыстарға авторлық құқық авторлардың өзінде қалады.
11.2. Қатысушы Ұйымдастырушыға байқауға ұсынылған жұмыстарды (оның ішінде фрагменттерін) авторлығын көрсете отырып, мерзіммен шектемей, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен байқауға және онымен байланысты жобаларға қатысты ақпараттық, көрмеде, жарнамалық және PR-материалдарда пайдалануға тегін, айрықша емес құқық береді.

12. Жеке деректер

12.1. Қатысушы байқауды өткізу мақсатында өзінің жеке деректерін өңдеуге келісім береді.
12.2. Жеке деректер үшінші тараптарға жіберілмейді және тек байқау аясында пайдаланылады.

13. Тараптардың жауапкершілігі

13.1. Ұйымдастырушы өтінім беру кезінде орын алуы мүмкін техникалық ақаулар үшін жауапты емес.
13.2. Ұйымдастырушы байқау барысында да, нәтижелер жарияланғаннан кейін де, жалған мәліметтердің анықталуы, осы Ереженің шарттарының бұзылуы немесе үшінші тараптардан шағым түскен жағдайда Қатысушыны байқаудан шеттетуге және/немесе нәтижелерді жарамсыз деп тануға құқылы. Ұйымдастырушы қабылданған шешімнің себептерін жариялауға міндетті емес.
13.3. Жүлделерді төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық міндетті салықтар мен алымдарды ұстай отырып немесе Қатысушының салықтық міндеттемелерді өз бетінше орындауы шартымен жүзеге асырылады. Ұйымдастырушы Қатысушының жүлде алуына байланысты туындайтын салық үшін жауапкершілік алмайды.

14. Қорытынды ережелер

14.1. Ұйымдастырушы қатысушыларды міндетті түрде хабардар ете отырып, осы Ережеге өзгерістер енгізе алады.
14.2. Өтінім беру Қатысушының осы Ереженің барлық шарттарымен толық келісетінін білдіреді.
14.3. Қатысушы байқау нәтижелеріне байланысты байқаудың өзіне, Ұйымдастырушыға, қазылар алқасының мүшелеріне және серіктестерге нұқсан келтіретін ақпарат жарияламауы тиіс.
14.4. Осы Ереже Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі және түсіндіріледі. Барлық даулар Ұйымдастырушы орналасқан жер бойынша Қазақстан Республикасының соттарында қаралады.
14.5. Осы Ереже мен кез келген ауызша түсіндірмелер, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар немесе өзге де ақпараттық материалдар арасында қайшылықтар туындаған жағдайда, осы Ереженің мәтіні басым болады.
14.6. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 395-бабына сәйкес жария оферта болып табылады.
«Äiel Tizginde 2026» байқауына қатысуға өтінім беру осы офертаны толық әрі сөзсіз қабылдау болып есептеледі.
Офертаны қабылдай отырып, Қатысушы:
— Ереженің шарттарымен толық танысқанын;
— байқаудың шығармашылық, бағалау және субъективті сипатын түсінетінін;
— осы Ереже шеңберінде Ұйымдастырушының өз қалауынша әрекет ету құқығын қабылдайтынын;
— байқауға қатысуына, оның нәтижелеріне, іріктеу тәртібіне, жұмыстарды бағалауға, қатысудан бас тартуға немесе жүлделі орындардың берілмеуіне байланысты кез келген мүліктік және мүліктік емес талаптардан бас тартатынын растайды.

Ұйымдастырушының келесі құқықтары бар:
— себептерін түсіндірместен қатысуға рұқсат беруден бас тарту;
— байқауды өткізу мерзімдерін, форматын және шарттарын өзгерту;
— байқауды толық немесе ішінара тоқтату;
— байқау деңгейіне сай келетін жұмыстар болмаған жағдайда жүлделерді тағайындамау.
Аталған әрекеттер міндеттемелердің бұзылуы болып саналмайды және залалды, жіберіп алған пайданы немесе моральдық зиянды өтеуге міндеттемейді.